2026 жылғы 06 қазанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті (ары қарай - Департамент), Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі бірлесіп, «Жемқорлыққа жол жоқ: таза қоғамға бір қадам» тақырыбында Университеттің Өнер факультетінің білім алушыларының арасында семинар-тренинг өткізді.
Кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Құрманғазы Мадиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысына жол бермеу, заңсыз ақшалай сыйақылар мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Іс-шара аясында Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Мөлдір Жабаева қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңыздылығын түсіндіріп, оның негізгі ұғымдары мен түрлері жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар білім беру ортасында заңдылықты сақтау, ашықтық пен әділдік қағидаттарын орнықтыру, мүдделер қақтығысын анықтау және оның алдын алу тетіктері кеңінен талқыланды.
Артқа қайту