2026 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері, ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің өкілдерінің қатысуымен «Сандық тұзақтар: интернетте өзіңізді қалай қорғауға болады?» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің әкімшілік басқарма басшысы Серікжан Көбейұлы Бурибаев, Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Меруерт Еркінқызы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Құрманғазы Мадиев және Тарих және құқық факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.
Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Құрманғазы Мадиев профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға және қаржылық қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырды. ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан білім алушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, цифрлық сауаттылықты арттыру және онлайн қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сонымен қатар Серікжан Бурибаев пен Меруерт Еркінқызы сөз сөйлеп, интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлеріне тоқталып, олардың қоғам үшін қауіптілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, қатысушыларға дипфейк (deepfake) технологияларының қаупі түсіндірілді. Қаскүнемдер әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар құрып, өздерін танымал тұлғалар немесе сенімді адамдар ретінде көрсетеді. Көп жағдайда мұндай аккаунттарды боттар немесе алаяқтар басқарады. Олардың негізгі мақсаты – азаматтардың қаражатын заңсыз иемдену.
Сондай-ақ вишинг (vishing – жасанды интеллект көмегімен дауысты айнытпай салу) тәсілі туралы айтылды. Бұл әдіс арқылы алаяқтар адамның дауысын бірнеше секундтық жазбадан-ақ көшіріп ала алады. Содан кейін олар туыстары немесе таныстарының атынан хабарласып, «шұғыл көмек қажет» деген желеумен ақша сұрауы мүмкін. Кездесу барысында мұндай дипфейктерді (deepfake) анықтаудың негізгі белгілері де түсіндірілді.
Фишингтік шабуылдар туралы да ақпарат берілді. Алаяқтар жалған сайттар мен хабарламалар арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен банктердің, маркетплейстердің және басқа да ұйымдардың сайттарының дәл көшірмелері жасалатыны атап өтілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында бірқатар практикалық кеңестер ұсынылды. Атап айтқанда, туыстар мен жақындар арасында арнайы құпия сөз белгілеу, күмән тудырған жағдайда жақын адамыңызға өзіңіз қайта хабарласу, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды қауіпсіздік баптаулары арқылы қорғау, бейтаныс адамдарға дауыс хабарламаларын жібермеу және кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарау қажеттігі айтылды.
Мұндай кездесулер білім алушылардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Артқа қайту